
Жылыту пункті мен жедел шаралар: ШҚО тасжолдарында 40-қа жуық автокөлік қар құрсауында қалды
Шығыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райының салдарынан Өскеменге бара жатқан жолда шамамен 40 көлік қар құрсауында қалып қойған.
Қардың шамадан тыс жауып, көшкін жүру қаупі туралы ескертулерге қарамастан, облыс тұрғындары алыс сапарларға шығып, жолдың күрделі учаскелерінде бөгеліп қалған, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері жергілікті билікпен бірлесіп, туындаған қиын жағдайда жолаушылар мен жүргізушілерге жедел көмек көрсетті. Жылыну пункттері ашылып, онда азаматтар жылынуы үшін қажетті жағдай жасалып, ыстық сусындар ала алды. Сондай-ақ, оқиға орнында арнайы көмекке мұқтаж жандар үшін медициналық бригадалар кезекшілік етті.
Жол қозғалысы тек ауа-райы жақсарғаннан кейін ғана қалпына келтірілді. Осы уақыт аралығында құқық қорғау органдары тұрғындардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатерді азайту үшін барынша күш салды.
Алтай ауданы полиция бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушы, Еримбесов Денис хабарлағандай:
- «Осиновский асуы мен Алтай және Серебрянск сияқты жақын жердегі елді-мекендерде 30 төсек орынмен жабдықталған жылыту пункттері жұмыс жасауда. Олар барлық қажеттіліктермен, атап айтқанда ауыз суы, жылу жүйелері, плита және шәйнек сынды керекті заттармен қамтылған. Басқа да қар құрсауында қалып қалған жандар үшін, максималды жайлы болатындай қосымша тағы 10 төсек орын орнатылды», - деді.
Орын алған жағдай туралы ШҚО-ға жаңа жылдық мерекелерге келген Новосибирск тұрғыны, Сергей Семенович айтып берді.
- «Мен, Өскемен қаласынан ауылыма ата-анама қарай жолға шыққанмын. Алдын-ала көшкін жүру қаупіне байланысты жол жабық деген хабарлама алғаныммен, өтіп үлгеретін шығармын деп ойладым. Алайда, бекетте бізді полиция қызметкерлері тоқтатып, жолдың ашылғанын күту керектігін айтты. Барлық жағынан көмек көрсетіп жатқандарына үлкен алғысымды білдіремін», - деп бөлісті тұрғын.
ШҚО Полиция департаменті өңір тұрғындарынан сақтық шараларын қатаң сақтауға және қолайсыз ауа-райы кезінде, әсіресе, қар көшкіні жүру қаупі бар, тазаланбаған тасжолдарға шығудан бас тартуға шақырады. Облыс тұрғындарына маршрутты жоспарлау кезінде ауа райы болжамын ескеріп, қауіпсіздік қызметтерінің ұсыныстарына құлақ салу өте маңызды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі