
Шығыс Қазақстан облысы полициясы 100 жастағы ардагер Құрмат Рахимовтың тілегін орындады
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Ұлы Отан соғысының ардагері және ішкі істер органдарының қызметкері, қайсарлықтың символына айналған Құрмат Рахимов үшін естелік сапар ұйымдастырды. Бұл сапар оның жаңа Күршім көпірін көрсем деген ізгі арманын орындады.
Ардагер туған жері Күршім ауданына барып, биыл салынған Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді өз көзімен көрді. Бұл көпір —өңір дамуының жарқын үлгісі әрі халықтың көптен күткен арманы еді.
Құрмат ақсақалды Күршім әкімдігі мен Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар ән шашумен қарсы алды.
- Мен өмір бойы өз туған өлкемнің қалай өзгеріп жатқанын көруді армандадым. Бұл көпір — прогрестің және үміттің көрінісі. Мен осы тарихи сәттің куәсі болғаныма қуаныштымын,- деді Құрмат Рахимұлы.
Ардагер үшін ерекше сәттердің бірі - атамыздың атына ашылған «Жас сақшы» кадет сыныбын көру.
Құрмат Рахимов жастарға бата беріп, елшіл азамат болуларына тілектестігін білдірді.
- Сіздер — біздің еліміздің болашағысыздар. Отанға адал әрі абыройлы қызмет етіңіздер,” — деп лебіз білдірді жүз жасаған бәйтерек.
Ардагер оқушыларға «Кұрмат Рахимов – жас сақшы» деген төс белгі табыс етті. Аталған төс белгі Ұрпақтар сабақтастығы мен патриотизмнің көрінісі. Сондай-ақ, ол балаларға естелік сыйлықтар мен жаңа жылдық тосын сыйлықтар жасады.
- Құрметті ақсақалдың арманын орындау біз үшін үлкен мәртебе. Бұл тек ардагерге құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар ғасыр сабақтастығының көрінісі. Аталарымыздың салған сара жолын ұмытпай, еңбегін бағалау біздің міндетіміз,- деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов.
ШҚО ПД баспасөз қызметі