
100 жастағы ақсақал Құрмат Рахимов Отанға қызметі мен жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегі үшін марапатталды
Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Құрмат Рахимов ардагерлер ұйымдарының дамуына, жастарға патриоттық тәрбие беріп және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қосқан үлесі үшін «Ардагерлер қоғамына сіңірген зор қызметі үшін» медалімен марапатталды.
Марапатты ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков табыстап:
- «Сіздің өмір жолыңыз – ерлік пен табандылықтың және Отанға шексіз қызмет етудің шынайы үлгісі. Сіз бізге нағыз патриоттық рух беріп, ісімізге адалдық таныту қасиетін көрсеттіңіз», - деді.
Үстел басында Құрмат Рахимов өмір жолы мен әртүрлі саладағы қызмет тәжірибесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Ақсақал ішкі істер органдарындағы қызметі жайлы айтып, бүгінде полиция жұмысының жақсарып келе жатқанына тоқталып, жас әріптестеріне кәсіби жетістіктер тіледі. Ол үздіксіз білім алу мен кемелділікке ұмтылудың маңыздылығын, заңдарға және азаматтарға құрмет көрсетудің әрдайым алғашқы қатарда болуы керектігін ерекше атап өтті.
Құрмат Рахимов бар саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған. Бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп бастап, партиялық органдарда басшылық қызметтер атқарған ол кейіннен облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет еткен. Милицияда 16 жыл қажымай еңбектенген ақсақалымыз, алты генерал мен жұмысын қазіргі уақытта да жалғастырып жүрген ондаған офицерді тәрбиелеген.
Бүгінгі күні Құрмат Рахимов жас ұрпаққа үлгі болуын жалғастырып, полиция қызметкерлері мен Отан қорғауға өмірін арнағысы келетін жандардың барлығына шабыт беруде.
ШҚО ПД баспасөз қызметі