
Батырдың есімімен: Шемонаиха қаласында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды
Бүгін Шемонаиха қаласының Ахмет Байтұрсынов атындағы №5 орта мектебінде маңызды шара — қадірлі жерлесіміз Ибраев Даур Болатұлының құрметіне арналған «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу рәсімі өтті.
25 жылын Ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған Ибраев Даур Болатұлы Өскемен қаласы мен Шемонаиха ауданының ішкі істер бөлімдерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Оның есімі ШҚО Полиция департаментінің қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлер тізіміне мәңгілікке енген. Өскемен қаласының полиция басқармасында оның ерлікке толы қызметіне арналған еске алу бұрышы орнатылған.
Қазіргі қоғам өзінің тарихи және мәдени қатыстылығын түсінетін, құқықтары мен міндеттерін білетін әрі Отанға адал қызмет етуге ұмтылатын тұлғаларды қажет етеді. Кадет сыныптары жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге, құқықтық дүниетанымды және жоғарғы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
• «Бүгін балалар үшін ерекше әрі қуанышты күн — олар кадет сыныбына, мектепке және Отанға адал болуға салтанатты түрде ант қабылдады.
Құрметті жас кадеттер, ата-аналар, мектеп ұжымы және аудан әкімшілігі, сіздерді осы атаулы шарамен шын жүректен құттықтаймын! Табысқа жету, үлгілі оқу және көшбасшылық сынды жеке қасиеттер біздің кадеттердің ұранына айналсын.
Біз кадет сыныптарындағы ант қабылдау рәсімін дәстүрге айналдыруымыз керек», — деді полиция полковнигі Ерхат Шалқыбаев.
Биыл облысымызда жеті «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылғанын айта кету керек.
Ант қабылдау — жәй ғана сөз сөйлеу емес, бұл өз елінің ұлылығын түсіну, оның жетістіктері мен даңқты өткеніне құрмет көрсету сәті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі