
Өскемен қаласының тұрғынын бұрынғы бірге тұрған жігіті 10 миллион теңгеге алдап кеткен
Облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны полицияға ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша жүгінген.
Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы бірге тұрған жігіті түрлі сылтаулармен бірнеше рет ақша сұрап, белгіленген мерзімде қайтаратынын уәде еткен. Алайда сұраған ақшаның көлемі уақыт өте келе ұлғайған. Оған көмектесу мақсатында жәбірленуші өз атына бірнеше банктерден несие рәсімдеген. Жалпы келтірілген шығын шамамен 10 миллион теңгені құраған.
Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды.
Полиция азаматтарға өз қаражатынызды беру кезінде, тіпті бұл өтініш жақын адамдарыңыздан немесе таныстарыңыздан түссе де, аса сақ болу керектігін ескертеді.
Егер күдікті әрекеттерге тап болсаңыз немесе алаяқтықтың арбауына түссеңіз, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауыңызды сұраймыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі