ШҚО полициясы мен ҚАЕУ университеті киберқылмысқа қарсы күресте күш біріктіруде

ШҚО полициясы мен ҚАЕУ университеті киберқылмысқа қарсы күресте күш біріктіруде

                                                                                                   ШҚО полициясы мен ҚАЕУ университеті киберқылмысқа қарсы күресте күш біріктіруде

3 желтоқсан күні Қазақстан-Американдық еркін университетінде (ҚАЕУ) Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің басшылығы университет ректорлығы, құқық және IT-технологиялар кафедраларының оқытушылары мен студенттерімен кездесу өткізді.

ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Тақжанов Қазбек қатысқан аталған іс-шарада киберқылмыспен күресудің негізгі аспектілері талқыланды. Әсіресе интернет алаяқтық, фишингтік шабуылдар және цифрлық ортадағы басқа да қауіп-қатерден қорғану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар киберқылмыспен күресу үшін білікті IT мамандарды дайындаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, халықтың хабардар болудағы сапасын арттыру және құқық қорғау органдарына қолдау көрсетуге бағытталған волонтерлік жобаларға студенттерді тарту бастамасы қарастырылды.

Кездесудің маңызды сәттерінің бірі ынтымақтастық туралы меморандум жасасу мүмкіндігін талқылау болды. Оны іске асыру барысында білім беру бастамаларын дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және ақпараттық қауіпсіздік саласында тәжірибе алмасу бағыттары жоспарланған.

Университет пен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы киберқауіпсіздік мәселелерін тиімді шешу және жастармен өзара әрекеттестікті нығайту үшін негіз болатыны күтілуде.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізіп, студенттерді тергеуші, анықтаушы және криминалистердің қатарын толықтыру мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Аталған жұмыс бағыттарының құқық қорғау органдары жүйесіндегі маңыздылығын атап өтіп, әр мамандықтың қыры мен сырын, үміткерге қойылатын талаптар мен іріктеуден өту кезеңдері жайлы ақпарат берді.



                                                                                                                                                                                                            ШҚО ПД баспасөз қызметі