ШҚО-да полиция қызметкері боранда жүргізушілерге құтқарушы болды

ШҚО-да полиция қызметкері боранда жүргізушілерге құтқарушы болды

                                                                                                  ШҚО-да полиция қызметкері боранда жүргізушілерге құтқарушы болды

Шығыс Қазақстан облысы, Бозанбай ауылы маңындағы ауылдық жолда боран салдарынан төтенше жағдай орын алған. Боранның күшеюі нәтижесінде қалың қар үйінділері пайда болып, бірнеше көлік қар құрсауында қалған. Жүргізушілер әрі қарай жолмен жүре алмай, қиын жағдайға тап болған.

Оқиға туралы ақпарат «102» арнасына түскен соң, учаскелік полиция инспекторы Дархан Гайсин дереу оқиға орнына шыққан. Аға лейтенант жағдайды жылдам бағалап, ең алдымен қатты тоңып, күйзеліске түскен ер адамға көмектескен. Зардап шеккен азаматқа бірден жедел жәрдем шақырған.

Бірақ бір жүргізушіге көмек көрсету тек бастамасы болды. Дархан қар құрсауында қалған басқа да көліктерді байқап, құтқарушылардың жұмысын үйлестіріп, көліктерді шығаруға белсенді араласты. Оның шұғыл әрекеттері мен көмекке деген ұмтылысы жағдайды тез арада реттеуге мүмкіндік берді. Себебі бұл оқиға әлдеқайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.

«Егер ол болмағанда, біз мұнда түні бойы қалар едік», – дейді полицейдің көмегін алғандар.

Бұл күн олар үшін тек боранмен ғана емес, сондай-ақ өз өмірін қауіпке тіге отырып, бар күшін салған адамның көмегімен есте қалды.

Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары!

Ауа райы нашарлаған жағдайда алыс сапарларға шықпауларыңызды, жолда барынша сақ болуды және жол қозғалысы жағдайы туралы жаңалықтарды үнемі бақылау керектігі туралы ескертеміз.



                                                                                                                                                                                                            ШҚО ПД баспасөз қызметі