
ШҚО Полиция департаментінде ерекше көзге түскен полицейлер мен студент марапатталды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде өткен гарнизондық жиын барысында қызметтік міндеттерін адал әрі нәтижелі орындаған үш қызметкер мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін ҚАЕУ-дің үшінші курс студенті Алмас Елемес алғыс хат пен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Алмас Елемес қылмыстың алдын алуда ерекше батылдық танытты. Түнгі уақытта жұмыста жүргенде, ол көмекке шақырған дауысты естіп, әріптестерімен бірге оқиға орнына жедел жеткен. Сол жерде қолында пышағы бар ер адам мен жараланған әйелді көріп, қылмыскерді қарудан айырып, полиция қызметкерлері келгенше ұстап тұрған.
Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Омарбеков ерлік көрсеткен азамат пен қызметкерлерге шынайы алғысын білдіріп, олардың әрекеттері өзгелерге үлгі екенін атап өтті:
- «Сіздер әрқашан адалдық пен жауапкершілік танытып, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауда үлгі болып келесіздер. Табандылық пен ерлік сіздердің күнделікті ұстанымдарыңызға айналған. Сіздерді тәрбиелеген ата-аналарыңызға алғысымды білдіремін», – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада Департамент бастығы қызметкерлерге қызмет барысындағы басым міндеттерді – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстарды «ізін суытпай» ашу және олардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын соңы 300-ден астам қызметкер мен әскери қызметшілердің салтанатты шеруімен аяқталып, олар Өскемен қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге кірісті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі