
ШҚО Ақжар ауылында "Жас сақшы" бірінші кадет сыныбы ашылды
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында М. Әуезов атындағы мектеп-интернатының базасында жетінші сынып оқушыларына арналған "Жас сақшы" жас полицейлердің бірінші кадет сыныбының ашылуы өтті.
Салтанатты шараға Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев, ШҚО Полиция департаментінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Ерхат Шалқыбаев, Тарбағатай ауданы полиция бөлімінің бастығы Әсет Қисанов, ата-аналар мен педагогтар қатысты.
Ашылу салтанаты әнұранды орындаудан басталып, кейіннен курсанттар саптық дайындық дағдыларын көрсетуі мен музыкалық нөмірлермен жалғасты. Шара соңында ант қабылдау және куәліктер тапсыру рәсімі өтті.
"Кадет сыныбын құру әскери-патриоттық тәрбиені, кәсіптік бағдарлауды дамытуға және оқушыларды болашақ мамандықты таңдауда қолдау көрсетуге бағытталған", - деп атап өтті полиция полковнигі Ерхат Шалқыбаев.
Курсанттар үшін полиция формасының үлгісі бойынша арнайы форма жасалып, тігілген. Сынып арнайы стендтермен және оқу материалдарымен жабдықталған, ал бағдарламаға полиция қызметкерлері мен басқа да мамандардың қатысуымен Құқық қорғау қызметінің негіздері, алғашқы әскери дайындық және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша факультативтер енгізілген.
Қонақтар оқушыларды құттықтап, "Жас сақшы" кадеттерінің ел игілігі үшін қызмет етуге және құқықтық тәртіпті сақтауға дайын, лайықты азамат болып өсетініне сенім білдірді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі