Глубокое ауданы полицейі адам өміріне араша түсті

Глубокое ауданы полицейі адам өміріне араша түсті

Глубокое аудандық полиция бөлімінің кезекші-инспекторы полиция капитаны Сұнғат Тюлеев бес қабатты үйдің шатырынан секірмек болған азаматты аман алып қалды.
⠀
Оқиға Глубокое ауданында 2 тамыз күні кешке қарай орын алған. Тәуліктік кезекшіліктен кейін өзінің үйінде тынығып жатқан Белоусовка кенттік полиция бөлімі кезекші бөлімінің кезекші-инспекторының ұялы телефонына танысы хабарласып, тәртіп сақшысы тұратын көп қабатты үйдің шатырынан ер адамның секіргелі отырғанын хабарлаған.
⠀
- Осы ақпаратты дереу «102» каналына хабарлап, далаға шықтым. Далаға шығысымен расымен де бес қабатты үйдің шатырының шетінде ер адамның отырғанын және секіруге дайын екенін байқадым,- деді полиция капитаны.
⠀
Бұған дейін учаскелік инспектор қызметін атқарған Сұнғат Батырқанұлы ауыл тұрғынын бірден таныған. Үйдің шатырына шығып,өзіне қол салуға бекінген ер азаматты сөзге айналдырып, офицер ер адамға жақындаған және белінен құшақтап оны шатырдың ортасына апарып, үйдің төбесінен төменге түсуге көмектескен.
⠀
Қазіргі уақытта ер адамның өмірі қауіпсіз. Белгілі болғандай, алкоголдік мас күйінде ол анасымен және әйелімен жанжалдасып қалған, осыдан кейін төменге секіріп, өзін-өзі өлтіру мақсатында көрші үйдің шатырына шыққан.