
Табиғатты қорғау: Шығыс Қазақстан облысында "Браконьер" ЖПІШ өткізілуде
Облыс аумағында браконьерлік және биологиялық ресурстардың заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашу мақсатында 20 қазан мен 19 қараша аралығында «Браконьер» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Полиция қызметкерлері қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын күшейтіп, балық пен жабайы жануарларды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар жануарларды заңсыз аулау мен дайындауға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлуде.
Бұдан басқа жолдағы патрульдік полиция қызметкерлері атыс қаруын, оқ-дәрілерді және суық қаруды сақтауға немесе алып жүруге рұқсаттардың болуы, сондай-ақ аңшылық, балық аулау, ағаш кесу және ағаш дайындау құқығын тексереді.
Шара басталған небәрі екі күнде тәртіп сақшылары 35 заң бұзушылықты анықтаған. Шығыс Қазақстан облысының 18 тұрғыны балық аулау ережесін бұзғаны үшін, 12-сі аңшылық ережесін бұзғаны үшін, төрт адам ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікке тартылған.
«Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы облыстың экологиялық тепе-теңдігін қорғауға және оның табиғи мұрасын болашақ ұрпаққа сақтауға бағытталғанын естеріңізге сала кетейік.
Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары сіздерден Табиғатты қорғау заңнамасын сақтауды, сондай-ақ осындай құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда "102" арнасына хабарлауды сұраймыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі