
Өскеменде полицейлер 30 миллион теңгеге жуық ақша жымқырған үй ұрыларын ұстады
Қолма-қол ақша мен зергерлік бұйымдардың ұрланғаны туралы полицияға жергілікті тұрғын өтінішпен жүгінген. Келтірілген шығын сомасы 28 миллион теңгені құрады.
Жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қаскөйлердің ізін суытпай ұстады. Анықталғандай, күдіктілердің бірі бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Тінту кезінде полицейлер ұрланған зергерлік бұйымдарды тауып, оған қоса 1 келіге жуық гашиш тәркілеген.
Күдіктілер жәбірленушінің өмірін бақылап, аңдып жүріп ұрлыққа мұқият дайындалған. Оның кеткенін күткен қылмыскерлер қоршаудан секіріп өтіп, терезе арқылы үйге кіріп, сейфтан ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен.
Күдіктілерге қатысты ұрлық және есірткіні заңсыз сақтау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.
ШҚО Полиция департаменті тұрғындарды терезелерге торлар және дабылдар орнатып, сенімді құлыптар салдырып үйлерін қорғауды қамтамасыз етуге шақырады. Ұрлықтың алдын алу үшін бағалы заттарды көзге көрінетін ашық жерлерде қалдырмаңыздар және ұзақ сапарға шығатын болсаңыздар, көршілеріңізге ескертеңіздер!
ШҚО ПД баспасөз қызметі