
ШҚО-да полицейлер есірткі сатылымын ұйымдастырған интернет-дүкеннің жолын кесті
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасымен бірлесіп Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстады.
Ол өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін танымал мессенджерлердің бірінде веб-сайт пен парақша құрған.
Есірткі сатылымын «жасырын орындар» арқылы жүзеге асырып отырған: төлемді алғаннан кейін күдікті тауарды алдын ала келісілген орындарға қалдырған.
Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әртүрлі түрлерін өсіруге арналған зертхананы анықтаған.
Жедел уәкілдер қара нарықта құны 20 миллион теңгеден асатын 1 келіден астам дайын «тауарды» тәркілеген.
Сондай-ақ полицейлер оның заңсыз әрекеттерге қатысы барын дәлелдейтін таразылар, орайтын материалдар мен электронды құрылғыларды тапқан.
Ұйымдастырушының айтуынша, ол заттарды өсіретін тұқымдарға шетелдерден тапсырыс берген.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер өңірге есірткі тасымалдайтын 6 ірі арнаның жолын кесіп, 6 есірткі зертханасын таратып, айналымнан 250 келіден астам есірткіні, оның ішінде 6 келіден астам синтетикалық заттарды тәркілегенін айта кету керек.
Есірткі қазақстандықтардың денсаулығына және жалпы қоғамға орасан зор қауіп төндіреді. Бұл өмірді құртатын және шешуші әрекетті қажет ететін зұлымдық. Сондықтан олармен күрес құқық қорғау органдарының бірінші кезектегі міндеті болып қала береді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі сақталатын, өндірілетін немесе сатылатын орындар туралы ақпарат берген азаматтар осындай қылмыстарды ашуға көмектескені үшін марапатталатынын хабарлайды. Сіздің ақпаратыңыз есірткі қылмысымен күресуге және қоғамымызды қауіпсіз етуге айтарлықтай көмектесуі мүмкін.
ШҚО ПД баспасөз қызметі