
Ел ертеңі үшін 60 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшысы: Үдербаев Нұрлыбек - әрқашан қызметте
Ішкі істер органдарының ардагері 80 жасқа толды.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлын мерейтойымен құттықтады.
Нұрлыбек Ғалиұлы 1944 жылы 3 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Солдатское ауылында дүниеге келген. Тарғын ауылындағы И. Айтықов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін ол Асубұлақ автобазасында жүргізушілер курсын аяқтап, сол кәсіпорынға жүргізуші болып жұмысқа орналасқан.
1963 жылы ол Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, Самарқанд пен Ашхабад қалаларында әскери борышын өтеген. 1966 жылы Үдербаев Нұрлыбек ішкі істер органдарында қызмет ете бастаған, ол ШҚО Ішкі істер бөлімінің жедел бөліміне қатардағы жауынгер болып жұмысқа орналасады. 1968 жылдан 1990 жылға дейін ол аға инспектор және жедел бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Осы кезеңде ол Қарағанды жоғары милиция мектебін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітіреді. 1990 жылы 7-бөлімнің бастығы болып тағайындалды және құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін осы қызметте жұмыс істеген.
Нұрлыбек Ғалиұлы қазіргі жасында жігерлі, өмірге құштар жан. 2007 жылдан бастап ол Ардагерлер кеңесін басқарып келеді, мыңнан астам зейнеткерлерді біріктіреді және бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын үйлестіреді. Оның ардагерлер кеңесін дамытуға және ішкі істер органдарының жас қызметкерлерін тәрбиелеуге қосқан үлесі шынымен де баға жетпес.
Салтанатты іс шарада Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков мерейтой иесін жылы лебізбен құттықтады.
- «Сіздің құқықтық тәртіп жүйесін дамытуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің жас ұрпағын тәрбиелеуге қосқан үлесіңіз баға жетпес. Біз сіздің ІІО тарихының бастауында тұрғаныңызды мақтан тұтамыз және сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие. Сіз Отанға, халыққа қызмет етудің үлгісісіз!»,- деді Е. Омарбеков.
Нұрлыбек Ғалиұлы өз кезегінде ерекше көңілмен құттықтаулар үшін алғысын білдіріп, заманауи қызметкерлер үшін кәсіби өсу мен тәртіптің маңыздылығына тоқталды:
- «ІІО-да қызмет ету жай қызмет емес. Бұл қоғам алдындағы парыз және жауапкершілік. Жас қызметкерлерге зор денсаулық, заң талаптарын қатаң сақтау және жұмыстарына адалдық тілеймін».
Ішкі істер органдарындағы көп жылғы адал еңбегі үшін Нұрлыбек Үдербаев ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен және «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Ардагер сондай-ақ, үлгілі отағасы: үш қыз тәрбиелеп өсірді, бес немере, екі шөбере сүйіп отыр.
ШҚО ПД баспасөз қызметі