
ШҚО Полиция департаментінде гарнизондық жиын өткізілді
27 қыркүйекте ШҚО ПД алаңында бастықтың орынбасары полиция полковнигі Серік Манаповтың жетекшілігімен күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне кіретін кешенді полиция күштерінің гарнизондық жиыны өтті. Оған жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы, учаскелік инспекторлар және жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жеке құрамы қатысты.
Гарнизондық жиында полковник С.Манапов тәртіп сақшыларының қызметке дайындығы мен киім үлгісін тексерді. Полицей халықпен ашық диалог жүргізу және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою - мемлекеттік органдар қызметінің негізгі міндеті екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің бұйрығымен қызметте жақсы нәтиже көрсетіп, қызметтік міндеттерін адал атқарған полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ, құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапатталды. Әуесқой спортшылар мен ардагерлер арасында өткен «Tour de Oskemen-2024» веложарысында үздік нәтиже көрсеткен полицейлерге ШҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтың атынан грамоталар табыс етілді.
Іс-шара соңында полиция қызметкерлері салтанатты шерумен жүріп, Өскемен қаласының қоғамдық тәртібін қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі