
ШҚО полицейлері Франциядан келген саяхатшылар отбасына көмектесті
Француз саяхатшысы Никола Рабаскино өз блогында жазғандай, ол жұбайы және екі қызымен бірге Еуропа мен Азия жолдарын бойлай автоүйде саяхаттайды.
Ресей Федерациясының жерлерін зерттеген олар енді Шығыс Қазақстан облысы арқылы Қазақстанның оңтүстік астанасына жол тартады.
Бұған дейін ер адам Тарбағатай патрульдік полициясына өзінің автоүйінде полиция бөлімінің жанында түнеп шығу туралы өтініш білдірген.
Тәртіп сақшылары өз кезегінде қуана келісіп, оған қоса қазақы қонақжайлылық танытып, шетелдік қонақтарды кешкі асқа шақырған.
- "Қазақстанның шығысындағы президенттік қабылдау. Полиция қорғауымен ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тіпті бізді түскі ас пен кешкі ас ішуге шақырды", - деді Никола блогында.
Қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығы халықтың тамырына еніп, ғасырлар бойы қалыптасқанын айта кеткен жөн. Қазақстан халқы — қонағын құдайдай сыйлап күтетін ең ашық-жарқын әрі жайдары халық.
Тәртіп сақшылары француз туристерінің барлық құжаттары толығымен дұрыс заңдастырылғанын және олардың тарапынан көші-қон заңнамасын бұзу фактілері анықталмағанын атап өтті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі