
Полицейлер жүргізушіні Өскемен қаласының орталығында дрифт жасағаны үшін жауапқа тартты
Ер адам өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жол жүрісі қағидаларын бұзумен бейнеролик жариялаған. Бұл жағдай Әуезов даңғылында демалыс күні болған.
28 жастағы лихач Инстаграмда қызықты бейнеролик көрсету мақсатында, жол жүрісі қағидаларын бірнеше тармақтарын бұзып қана қоймай, өзі үшін де, айналасындағылар үшін де қауіпті жағдай туғызған.
Сонымен қатар, ер адам маневр жасау кезінде бұрылу белгісін қоспай, артқы доңғалақтарды әдейі сырғытқан, осылайша жол белгілері мен жол жабынын зақымдаған.
Көлік құралының жүргізушісіне қатысты жол жүрісі қағидалары, яғни, қозғалыс басталғанға дейін бағытты өзгерту, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау сигналын беру талаптарын орындамағаны үшін, сондай-ақ жолдарға зақым келтіргені үшін хаттамалар толтырылды. Аталған бұзушылықтар үшін оған айыппұл төлеуге тура келеді.
ШҚО Полиция департаменті барлық азаматтарды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі