Ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді

Ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен және Алматы қалаларында синтетикалық есірткінің аса ірі партиясының жолын кесті.
⠀
- ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұзақ әзірлеме жүргізу нәтижесінде психотроптық заттың таралуына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі, - деп хабарлады ШҚО ПД бастығы полиция полковнигі Сағат Мәдиев.
⠀
Өскемен қаласында 20 жастан 45 жасқа дейінгі аралықтағы 4 сыбайлас Интернет ресурсы арқылы психотроптық заттарды байланыссыз тәсілмен өткізіп отырғаны анықталды.
⠀
Әзірленген есірткі өткізу схемасы қылмыстық топтық ұзақ уақыт құқық қорғау органдарының көзіне түспеуге септігін тигізген, себебі есірткі өткізушілер әлеуетті сатып алушылардың ешқайсысымен тікелей байланыс жасамаған. Әлеуметтік желілердің көмегімен сөйлесіп, өткізу үшін қойып кету арқылы есірткінің кезекті дозасын қалдырып отырған.
⠀
Ал Алматы қ.ПД-нің әріптестерімен бірлесіп 27 және 36 жастағы екі сыбайлас ұсталды. Олардың Өскемен қаласына және республиканың өзге өңірлеріне психотроптық заттарды жеткізушілер мен негізгі ұйымдастырушылар болғаны анықталды. Қылмыстық есірткі топқа 6 адам күдіктенуде.
⠀
- Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 6 килограмға жуық «синтетика» есірткі заты тәркіленіп алынды және 19 000-нан астам бірреттік дозаны өткізуге жол берілмеді. Тәркіленіп алынған есірткінің қара базардағы құны 190 000 000-нан астам теңгені құрауы мүмкін, - деп қорытындылады Сағат Мәдиев.
⠀
«Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Төрт күдікті ұсталып, Өскемен қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, тағы екеуі еліміздің шығысына этапталатын болады.