
ШҚО полицейлері көшкін салдарынан жолда қалып қойған көліктер колоннасын алып жүрді
Қар үйіндісі "Өскемен-Алтай" автожолындағы көлік қозғалысын 2 сағаттан астам уақытқа бөгеді.
Жауын-шашын және ауа температурасының күрт өзгеруі салдарынан Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында қар көшкінінің өздігінен түсуі жиі орын алады.
Тасжолдарда патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері кез-келген жағдайда көмекке келуге дайын. Автожолдың 63-ші шақырымында таудан қар көшкіні түскені туралы хабарлама алғаннан кейін, взвод командирі Шахмұрат Ержанов бірден жол қозғалысының шектелуіне байланысты көліктер жинала бастаған жерге қарай бет алды.
Тәртіп сақшысы мүмкіндігінше жолды босатуға тырысып, басқа автокөлік жүргізушілерімен бірге жолды тазартуға кірісті. Жол аздап тазартылып кеңейтілген соң, полиция капитаны Ержанов өзінің патрульдік көлігімен 30-дан астам көлікке ілесіп жүріп, оларды қауіпсіз жерге дейін жеткізді, ары қарай жүргізушілер өз бағыттары бойынша жол тартты.
Қозғалысты қалыпқа келтіру бірнеше сағат өткен соң мамандандырылған техника қар көшкіні түскен жерге жетіп, жолды қар үйіндісінен тазалағаннан кейін мүмкін болды.
Полицейлер алыс жолға шыққан кезде, ауа райы мен жол жағдайларын ескеруді ұмытпауыңызды, егер сізге көмек қажет болса, сіз әрқашан "102" нөміріне жүгіне алатыныңызды ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі