
Ұстаған кезде жеңіл автокөліктің салонынан қылмыс қарулары, яғни тіркелмеген патрондарымен атыс ойық карабині, балталар мен пышақтар тәркіленіп алынды, сондай-ақ автокөліктің жүксалғыш бөлігінен жылқының тұтас еті табылды.
25 және 42 жастағы екі сыбайлас Жарма ауданының тұрғындары еркін жайылымнан ұрланған жылқыны атып, оны бірнеше бөліктерге бөлшектегені анықталды, бұл ретте жылқының терісін сыпырып алмай, тек басы мен аяқтарын ғана кесіп, жылқыны автокөліктің жүк салғышына салған.
- Тергеу барысында олардың Семей қаласы, Жарма, Бесқарағай және Аягөз аудандары аумағында 13 мал ұрлау фактісіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Мал иелеріне 4 млн.теңгеден астам шығын келтірілген, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті бастығы Сағат Мәдиев
Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, Жарма ауданы ПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мал ұрлау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Күдіктілерге қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ олардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 85 мал ұрлығы тіркелген, оның ішінде 80 % ашылған.
ШҚО ПД баспасөз қызметі