
Серебрянск қаласы тұрғынынан тыйым салынған дәрі-дәрмектер тәркіленді
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алтай ауданында жедел іс-шараларды өткізу барысында ШҚО ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтады деп күдіктелген 66 жастағы Серебрянск қаласының тұрғынын ұстаған.
Тәртіп сақшылары оның үйінің гаражын тінту кезінде «Трамадол» және «Тропикамид» дәрі-дәрмектерін тауып, тәркілеген.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, табылған таблеткалардың құрамында жалпы салмағы 15,98 грамм «трамадол» психотроптық заты бар.
Қазіргі уақытта ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 297 - бабы 3-бөлігі - есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ШҚО ПД трамадол Қазақстандағы есірткі құралдарының тізіміне енгізілгенін ескертеді. Препаратты арнайы рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі