
ШҚО-да полицейлер заңсыз еңбек мигранттарын анықтады
Шығыс Қазақстанда Өзбекстан азаматтары еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған.
ШҚО ПД Көші-қон қызметінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында Өзбекстан Республикасының 13 азаматын анықтаған, олар уәкілетті органның рұқсатынсыз Өскеменде ғимаратты жөндеумен айналысқан.
Белгілі болғандай, шетелдіктер Қазақстанға ағымдағы жылдың қыркүйек айының ортасында келген, бұл ретте олардың уәкілетті орган берген еңбек қызметін жүзеге асыруға тиісті рұқсаты болмаған. Жұмыс беруші шетелдік азаматтарды рұқсат құжаттарынсыз жұмысқа қабылдаған.
Қазіргі уақытта аталған бұзушылық үшін өзбекстандықтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заңсыз көшіп-қонушыларды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілік түріндегі жазаға тартылды, оған 100 мың теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қазанда облыс аумағында "Заңсыз келуші -2023" жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Бір күннің ішінде Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзған 50-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ПД көші-қон қызметі Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтардың уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруына тыйым салынғанын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі