
ШҚО-да ұрланған көлік көше камераларының көмегімен табылды
Шығыс Қазақстан полицейлері ұрланған көлікті бейнебақылау камераларының көмегімен тапты.
Глубокое ауданының полиция бөліміне Белоусовка кентінің тұрғыны кешкі уақытта белгісіз адам оның үйінің ауласында тұрған "ВАЗ" маркалы көлігін ұрлап кеткені туралы өтінішпен жүгінген. Ер адам аулада көлігінің жоқ екенін көрген соң "102" пультіне жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары ЖБО бейнекамераларының көмегімен көлік құралының Өскемен қаласында тұрған жерін анықтап, күдіктіні ұстады. Көлікті айдап әкеткен облыстың 20 жастағы тұрғыны болып шықты.
Полиция көлікті заңды иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
ШҚО ПД көлік құралдарының иелерін мұқият болуға, тіпті аз уақытқа кетсе де көлікті ашық қалдырмауға, сондай-ақ автокөлікті сигнализациямен жабдықтауға кеңес береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі