
ШҚО-дағы кезекті шетелдік қос азаматтық үшін елден шығарылды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы облыс аумағында тұратын қос азаматтығы бар тұрғындарды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері Қазақстан азаматтығын жоғалтудың 250-ден астам фактісі тіркелген. Негізгі бөлігі Ресей Федерациясының азаматтығын алған адамдар.
Шетел азаматтығын алу фактісі туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ағымдағы жылдың тамыз айында көші-қон қызметінің қызметкерлері Алтай қаласының 25 жастағы тұрғынын анықтаған, ол 2023 жылдың шілдесінде көрші елдің азаматтығын алып, бұл туралы билік өкілдеріне хабарламаған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жас жігіттен ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты тәркіленді, сондай-ақ Қазақстан азаматтығынан айыру тіркелді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес енді шетелдік азаматқа Қазақстанға 5 жыл уақыт мерзімінде кіруге болмайды.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтіні туралы хабарлайды және көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі