
Аудан тұрғыны қару сақтағаны үшін 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын алды
Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында Шығыс Қазақстан облысы ПД жедел бөлімшелерінің қызметкерлеріне Катонқарағай ауданының 29 жастағы тұрғыны үйінде тіркелмеген қару сақтайтыны туралы ақпарат келіп түскен.
Сигналды алғаннан кейін полиция қызметкерлері дереу тексеруге кірісті. Жедел тінту барысында аталған азаматқа тиесілі үй сарайының шатырынан сараптама қорытындысына сәйкес мылтықты атыс қаруы, атап айтқанда 5,6 мм калибрлі ТОЗ-8 үлгісіндегі атуға жарамды мылтық тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы – қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Нәтижесінде 15 маусымда аудандық сот үкімімен күдіктіге 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі