
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша шаралар туралы ШҚО әкімінің өкіміне сәйкес төтенше жағдай режимі мерзімінің соңына дейін 2 сәуір күні сағат 00:00 бастап Өскемен және Семей қалаларының аумағында жүруге шектеулер енгізілгені белгілі.
Өкімге сәйкес жеке автокөлікпен сенбі және жексенбі, сондай-ақ мереке күндері жүруге тыйым салынған.
6 сәуір, яғни дүйсенбіден бастап автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің жұп немесе тақ санына аяқталуына бойынша жеке көліктердің жүруіне рұқсат етіледі.
ШҚО Полиция Департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимовтың ақпараты бойынша, ертең және бүрсігүні, яғни, сенбі және жексенбіде жеке көліктердің жүруіне тыйым салынады.
6 сәуір дүйсенбіде мемлекеттік нөмірі жұп санымен аяқталатын автокөліктердің жүруіне рұқсат етіледі, ал 7 сәуір сейсенбіде нөмірі тақ санымен аяқталатын көлік құралдарының жүруіне рұсат етіледі, әрі қарай осы қағида бойынша.
Тек арнайы көлік құралдары тиісті рұқсаттамаға сәйкес кедергісіз жүре алады.
Аталған қалалардың тұрғындарынан осы қағидаларды қатаң сақтауды және полиция қызметкерлерінің талаптарына түсіністікпен қарауды сұраймыз.