
Өскеменде полиция қызметкерлері тәулік бойы қашып кеткен жасөспірімдерді іздеген
2023 жылғы 22 қаңтарда сағат 20:20-да «102» арнасына кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиешісі хабарласқан. Ол 17 жастағы екі тәрбиеленушінің орталықтан өз еріктерімен кеткенін айтқан.
Жасөспірімдердің жүрген жерін анықтау мақсатында дабыл бойынша жедел-іздестіру тобы дереу жиналды. Тәртіп сақшылары қандай да бір ақпаратты білетін жолаушылардан, таныстардан сұрастырып, іргелес аумақтарды: алаңдар, саябақтар, жастар көп жиналатын орындар, дәмханалар, аулалар мен тұрғын үйлердің кіреберістерін мұқият іздестірген.
Ертіс ПБ учаскелік инспекторы полиция капитаны Құсайын Асхаттың, Ертіс ПБ кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы полиция капитаны Мазбаев Русланның және жедел уәкіл Әлімханов Әнуардың қабылдаған шаралары нәтижесінде жасөспірімдер бір тәулікке жуық іздеуден кейін Согра маңындағы таныстарынан табылған.
Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, олар табылғаннан кейін орталыққа жеткізілді.