
ШҚО-да алаяқ жеті адамға несие рәсімдеген
Алаяқ Зайсан ауданының тұрғындарын 7 миллион теңгеден астам сомаға алдап кеткен.
Зайсан аудандық полиция бөліміне ауданның екі тұрғыны, өздеріне 2 270 000 теңге тауарлық несие рәсімдеген танысына шара қолдануды сұрап, жүгінген.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Зайсан қаласының 20 жастағы тұрғынын анықтап, ұстаған.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары қаскөйдің қармағына тағы бес адам түсіп қалғанын анықтаған. Нәтижесінде бойжеткеннің алаяқтық әрекетінен келген жалпы шығын көлемі 7 370 000 теңгені құраған.
Күдікті өз кінәсін толық мойындады және қазіргі уақытта оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмас үшін тұрғындарды қауіпсіздік шараларын ұмытпауға шақырады.Бейтаныс адамдарға және тексерілмеген деректерге сенбеуіңізді сұраймыз!
ШҚО ПД Баспасөз қызметі