
Транзиттік нөмірлер туралы нені білу керек?
Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (МТНБ) — мемлекеттің меншігі болып табылатын және механикалық көлік құралына берілетін және ұлттық стандарт талаптарына сәйкес дайындалған жеке әріптік-цифрлық белгісі бар бұйым. Бұл ұғым «Транзит» нөмірлік белгілеріне де қолданылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өндіруші кәсіпорындардан, автожөндеу зауыттарынан, Мемлекеттік кірістер органдарынан және сауда ұйымдарынан тіркеу орнына өз жүрісімен жеткізілген, сондай-ақ тұрғылықты жерінің өзгеруіне немесе меншік құқығының өзгеруіне байланысты есептен шығарылған көлік құралдарына «Транзит» МТНБ бір реттік пайдалану үшін беріледі.
«Транзит» МТНБ беру кезінде көлік құралдарына меншік құқығын растайтын құжаттарға көрсетілген белгілердің сериясы, нөмірі, Берілген күні және қолданылу мерзімі көрсетіле отырып жазба жасалады және осы жазбаларды енгізген ұйымдардың мөрлерімен расталады.
«Транзит» МТНБ-ның қолданылу мерзімі – берілген күнінен бастап күнтізбелік 10 күн.
Заң бойынша барлық механикалық көлік құралдары мен тіркемелер «Транзит» тіркеу белгісінің қолданылу мерзімі ішінде не сатып алынған немесе кедендік декларацияланған кезден бастап он тәуліктен кешіктірілмей ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс.
«Транзит» нөмірлері үшін тәулік уақыты бойынша қандай да бір шектеулер қолданыстағы заңнамада көзделмеген. Бұл дегеніміз, мұндай нөмірлері бар көлік құралын тәуліктің кез келген уақытында және кез келген бағыттар бойынша пайдалануға рұқсат етіледі. Бір ғана шектеу – олардың қолданылу мерзімі 10 күн.
Сондай-ақ, Қазақстанда көлік құралдарын тіркеудің эксаумақтық қағидатын енгізумен «Транзит» нөмірлерін беру аз сұранысқа ие екенін еске салғым келеді.
Мысалы, егер Өскемен қаласының тұрғыны Алматыда автокөлік сатып алса, ол оны өз өңірінің нөмірлерімен Алматының мамандандырылған ХҚКО-сына есепке қоя алады, бұл ретте транзиттік нөмірдің қажеттілігі жоғалады!
ШҚО ПД баспасөз қызметі