
Мотоцикл айдап әкеткен өскемендік полицейлердің қолына түсті
Ағымдағы жылдың шілде айының ортасында түнгі сағат 01: 17-де патрульдік полиция қызметкерлері Өскемен қаласындағы Абай даңғылын патрульдеу кезінде, бірнеше сағат бұрын «Suzuki Volty-250» маркалы мотоциклін заңсыз иемденген 37 жастағы қала тұрғынын тоқтатқан.
Қаскөй 15 шілде күні сағат 22:00-де қаладағы ірі ЖШС бірінің тұрағынан мотоциклді ұрлап, иесіне 660 000 теңге шығын келтірген.
Жауап алу барысында 37 жастағы жүргізуші кінәсін мойындап, мотоцикл арнайы тұраққа қойылды. Ер адамға қатысты келу туралы міндеттеме түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК - нің 200-бабы 1-бөлігі «Айдап әкету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі