
Шығыс Қазақстанда 30-дан астам «қос азаматтық» анықталды
ШҚО ПД Көші-қон қызметі өңірде тұратын қос азаматтығы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын күн санап жалғастыруда.
Жыл басынан бері олар 300-ден астам адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуын тіркеді, бұл ретте азаматтық туралы заңды бұзған 30-дан астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, биыл сәуір айының соңында тәртіп сақшылары 2016 жылдың қыркүйек айында Алтай өлкесінде Ресей Федерациясының азаматтығын алған Глубокий ауданының 67 жастағы тұрғынын анықтаған. Алайда, ол туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына да, шетелдегі мекемелерге де хабарламаған. Құқықбұзушы ҚР ҚК-нің 496 бабының 2 бөлігі бойынша 200 АЕК айыппұл түрінде (428 820 теңге сомасында) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан жеке куәлігі мен Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айырылу тіркелді.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елімізде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салып, көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі