
ШҚО ПД-да кәмелетке толмағандардың суицид пен деструктивті мінез-құлқының алдын алу туралы талқылады
Қазақстан президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған жаңа жылдық Жолдауында 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялап, бұл ретте әңгіме ұрандар мен мерекелік іс-шаралар туралы емес, баланы қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы билік органдары тарапынан нақты шаралар туралы болып отырғанын атап өтті. Кейін Мемлекет басшысының Жарлығы аясында облыс аумағында мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша "Балалар жылын" өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Осыған орай, ағымдағы жылдың 20-21 сәуірінде Алматы қаласында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А.Саиннің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, орталық мемлекеттік органдардың, ҚР ІІМ өкілдерінің, ЖОО-ның оқытушылар құрамы, білім басқармалары және оқу-әдістемелік орталықтардың әдіскерлерінің қатысуымен "Қазақстан Республикасындағы білім беру процесіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету бойынша инновациялық технологиялар" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Аталған семинарға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Бейсембаева Әйгерім Ержомартқызы қатысып, "Genesis verae" психотехнологиялар орталығының директоры, психология магистрі Жанар Нұрмаханқызы Дәненованың "Орта мектеп жағдайында суицидтік үрдістердің алдын алу бойынша инновациялық психотерапиялық тәсіл" тақырыбындағы баяндамасына қызығушылық танытты. Бұл тақырып пен іс-қимыл әдістемесі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға мектептегі суицидтің алдын алу бойынша жұмыста жаңа тәсілдерді іздеуге мүмкіндік берер еді. Сондықтан конференциядан кейін Әйгерім Ержомартқызы Жанар Нұрмаханқызы Дәненоваға алдағы уақытта біздің облыс аумағында өз тәжірибесін енгізуді ұсынды.
Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде Жанар Нұрмаханқызы "Zoom" режимінде ювеналдық полиция қызметкерлері мен облыстың аумақтық бөлімшелері мен Полиция департаменті бастықтарының орынбасарлары үшін "Кәмелетке толмағандардың суицидінің және деструктивті мінез-құлқының алдын алу" тақырыбында проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылай отырып, оқыту семинарын өткізді.
Айта кетсек, қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу туралы Ж.Н.Дәненованың әдісін тәжірибелік жұмысқа енгізу бойынша ШҚО ПД-ның ұсынысын ШҚО білім басқармасы қарастыруда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі