
Спорт-мықтылардың таңдауы
Шығыс Қазақстан облысы орталығында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді, күштік және басқа да арнайы құрылымдардың қызметкерлерін еске алуға арналған волейболдан турнир өтті.
Жарысты ұйымдастыру және өткізу "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының қолдауымен іске асты.
Іс-шараның негізгі мақсаты қызметкерлердің спорттық шеберлігі мен біліктілігін арттыру, сонымен қатар қолданбалы қызметтік және спорттық ойын түрлерін одан әрі танымал ету болып табылды.
Жарыс салтанатты ашылудан басталды, онда Әлем чемпионатында ең мықты 12 жеңіл атлеттерімен жарысып, қола медаль жеңіп алған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дубовицкая Надежда Васильевна сөз сөйледі. Надежда Васильевна барлық қатысушыларға сәттілік, адал және қызықты сайыс, сондай-ақ қызметтеріне табыс тіледі.
«Үздік» атағы үшін 8 команда шайқасты. Жарыс құрметіне олар өздерінің жұмыс кабинеттерін, нысанды киімдерін волейбол алаңына және спорттық киімге ауыстырды. Мұнда қатысушылар өздерінің дене дайындығы мен жоғары шеберлігін көрсетті. Осылайша, спорт шайқасында полицияның, әскери бөлімдердің және басқа да арнайы қызметтердің үздік спортшылары қақтығысқа түсті.
Ойын барысында жеңіс үшін тартысты күрес жүріп, барлық қатысушылар қызықты ойын көрсетіп, нәтижесінде ең мықты командалар анықталды.
Сонымен волейболдан чемпионатты ШҚО Полиция департаментінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды Шекара қызметінің жауынгерлері иеленді. Қиын күресте құрмет тұғырының үшінші сатысын ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің командасы иеленді.
Жеңімпаздар құрмет грамоталарымен және кубоктармен марапатталды.
Іс-шара соңында үздік ойыншыларды ШҚО ПД бастығының орынбасары Унарбеков Ренат Қанатұлы құттықтады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі