
Өскеменде кезекті есірткі «қойып кетуші» ұсталды
Ағымдағы жылдың қараша айында «Рефлекс-2021» жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлеріне облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткі құралдарын қойып кету арқылы заңсыз өткізумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті.
Тексеруді бастағаннан кейін, ақпарат өзінің растауын тапты. «Ізін суытпай» аталған азамат ұсталды. Жеке тінту барысында оның киген күртешенің қалтасынан изолентамен оралған ұнтақ тәрізді зат пен түйіршіктері бар 28 полимерлі түйіншек табылып, тәркіленді. Олар сараптама қорытындысына сәйкес жалпы салмағы 15,07 грамм «Альфа-PVP» психотроптық заты болып табылады.
ШҚО ПД бастығы полиция полковнигі Сағат Мадиев атап өткендей: «Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ҚР ҚК-нің 297 - бабы 3-бөлігіне сәйкес аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде».
Осы баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі