"Anti-fraud" ЖПІШ: Шығыс Қазақстан облысында ғаламтор алаяқтары ұсталды

"Anti-fraud"  ЖПІШ: Шығыс Қазақстан облысында ғаламтор алаяқтары ұсталды

"Anti-fraud"  ЖПІШ: Шығыс Қазақстан облысында ғаламтор алаяқтары ұсталды

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері "Anti-fraud"(ағылшынның Fraud-алаяқтық)   республикалық жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Интернет желісін пайдаланушыларға қатысты алаяқтық іс-әрекеттермен айналысқан облыстың екі тұрғынын ұстады .

Ведомствоның хабарлауынша, қаскүнемдердің бірі 30 жаста, ол  "ОLX" сайтына соңғы үлгідегі ойын приставкасын төмен бағамен сату туралы жалған хабарландыру жариялап, оған осы приставкалардың шынайы сатушыларының  сайттарынан алған фотосуреттерді тіркеген. Ол қызығушылық танытқан азаматтарға өзінің шотына алдын-ала төлем жасаған бойда дереу приставканы  сататынын мәлімдейді. Ақша түскеннен кейін алаяқ  тұтынушымен хабарласқан мобильді нөмірді бірден өшіріп тастайды. Осылайша, ол елдің әртүрлі аймағында  тұратын 9 азаматты алдаған.

Өз кезегінде, екінші қаскүнем ақша табудың басқа әдісін ойлап тауып, интернетте несие рәсімдеуге көмек көрсету туралы хабарландыру орналастырады. Нәтижесінде, оған сеніп қоңырау шалған азаматтардан  барлық қажетті құжаттарды, соның ішінде жеке басын куәландыратын куәліктерін, банк карталары мен басқа да жеке деректерін алған. Содан кейін алаяқ  олардың атынан онлайн несие рәсімдеп, барлық ақшаны өзіне алған. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары оның заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен 12 азаматты анықтады, бірақ тергеу барысында олардың саны әлдеқайда көп болуы да мүмкін.

ШҚО Полиция департаменті бастығы Сағат Мадиев атап өткендей: "Күдіктілердің әрекеті ҚР ҚК-нің 190 - бабы 2-бөлігі – алаяқтық бабы  бойынша сараланады, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ұсталғандардың екеуі де қазіргі уақытта  уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жұмыстары жалғасуда".

Өңірдің ПД ІІМ бастамасымен өткізіліп жатқан республикалық профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін жалғасатынын хабарлайды, оның мақсаты ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет-алаяқтықтармен жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру болып табылады.

Полиция барлық азаматтарды қырағы болуға және бөгде адамдарға өздерінің жеке деректерін бермеуге шақырады.

                                                                                         ШҚО Полиция департаменті