
Ұры алыстан келмепті
«Мал – баққанға бітеді» дегендей, төрт түлік малдан нәқапасын тауып отырғандар оны өсірудің машақатын жақсы біледі. Алайда, сол жазғы-қысқы бағымын қадағалап күтіп отырған малдарының табан астында қолды болып кетіп жататын жағдайлар да жоқ емес.
Осындай мал ұрлығына қатысты қылмыстардың алдын алу бағытында ел көлемінде өтіп жатқан «Барымта» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында Семей қ. ПБ Әуезов полиция бөлімі қызметкерлері патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірлесіп Семей–Қарауыл тас жолында «Зил-130» автокөлігін тоқтатып тексерген сәтте машина қорабында тиелген ешқандай құжаттары жоқ 4 бас қойды көреді. Көзі қырағы оперативтік қызметкер бұл қойлардың танертең ғана малым жоғалды деп Семей ҚПБ Әуезов ПБ-ға арызбен жүгінген Семей –Қарауыл тас жолынан 78 шақырым қашықтықта орналасқан 45 жастағы шаруа қожалығы иесінің малы болар деген күдікпен жәбірленушіге көрсетеді. Ол бұл малдардың өзінің өрістен жоғалған малдары екенін растаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-тармағы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталады.
«- Тергеу кезінде мал иесінің малын бағуға жалданған 34 жастағы екі азамат 31 жастағы өздерінің Семейлік танысымен қылмыстық ойларын жүзеге асырып, оның автокөлігіне өздеріне бағуға сеніп тапсырылған отардан 4 бас қойды базар бағасынан арзанға тиеп бергені анықталады. «Дәніккеннен құныққан жаман»-демекші бұлардың 2020-2021 жыл аралығында жәбірленушінің құны 1,2 миллион теңге тұратын жалпы саны 24 бас қойын осындай жолмен ұрлағаны дәлелденді»- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қазіргі таңда күдіктілердің осыған ұқсас ашылмаған басқа да қылмыстарға қатысының бар жоғы тексерілуде.
ШҚО ПД баспасөз қызметі