
Шығыс Қазақстан облысы аумағында адам өлтіру туралы істер бойынша прокурордың шешім қабылдау механизімін пилоттық сынақтан өткізу
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы №636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының "Азаматтар мен бизнестің мүдделерін қорғау" 3– міндетін "Азаматтардың мүдделерін қорғаудағы әділ және тиімді мемлекет" 4– жалпыұлттық басымдықты іске асыру шеңберінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама (бұдан әрі-тұжырымдама) әзірленді.
Тұжырымдамаға сәйкес қылмыстық процестің үш негізгі міндетін әртүрлі органдар орындайды:
1) қылмыстық құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу, қатысы бар адамдарды анықтау, дәлелдемелерді жинау және бекіту – сотқа дейінгі тергеу органдарымен;
2) жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, негізгі процессуалдық шешімдерді қабылдау, сотта айып тағу және қолдау – прокуратурамен;
3) жаза тағайындау, азаматтардың шағымдарын қарау – сотпен.
Сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарын ажырата отырып, қылмыстық процестің мұндай моделін 2022 жылдан бастап кісі өлтіру істері бойынша іске асыру ұсынылады.
Толыққанды үш буынды модельге көшу мақсатында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Шығыс Қазақстан облысының аумағында прокуратура органдарымен бірлескен кісі өлтіру істері бойынша прокурорлардың негізгі іс жүргізу шешімдерін қабылдауы бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.
Негізгі процессуалдық шешімдер түсінігіне қылмыстық қудалауды, қылмыстық істі тұтастай немесе оның бір бөлігін тоқтату, қылмыстық істерді біріктіру және бөліп шығару, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралауды айқындау, қылмыстық құқық бұзушылықты немесе күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін ұзарту, сот санкциялайтын бұлтартпау шараларын қолдану және оларды ұзарту туралы өтінішхатты қозғау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану және айыптау актісін жасауды жатқыздық.
Қазіргі уақытта прокурор мұндай шешімдерді келіседі немесе бекітеді, ал келесі жылдан бастап оларды прокурордың атынан (кісі өлтіру істері бойынша) қабылдау (шығару) жоспарлануда.
Барлық тергеу әрекеттерін (қарап-тексеру, куәландыру, тінту, алу, тәркілеу, жауап алу, беттестіру, ұстау, сараптамалар тағайындау,
таныстыру, тану үшін ұсыну, айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау, тергеу эксперименті және басқалар) жүргізуді полиция органдарының қызметкерлері жүзеге асыратын болады.
ҚПК-нің қолданыстағы редакциясы прокурорға қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдамай, негізгі шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі