
Ауыл тұрғынын қаңғыбас иттерден құтқарды
Үржар ауданы, Үржар ауылының егде жастағы тұрғыны күндізгі 14.30 кезінде үйінің маңында орналасқан дүкендердің біріне бара жатқан.
Тұрғынның сөзінше дүкенге бара жатқанда артқы жағынан иттердің үрген дауысын естіпті, бірақ оған еш мән бермеген. Кенет тұтқиылдан қаңғыбас иттердің бірі азаматқа айбат шегіп, үріп, үстіне секірген. Тұрғын иттердің біреуін итеріп, тас лақтырған. Бірақ оған сескене қоймаған иттер қайтадан тап бермек болған.
Дәл осы уақытта Үржар ауылында күндізгі патрульде жүрген полиция қызметкерлері азаматтың келеңсіз жағдайға тап болғанын көріп, бұрылған. Қаңғыбас иттердің егде жастағы азаматқа тап бергелі тұрғанын көрген полиция қызметкерлері көліктерінен сигнал беріп, қорқытып, иттерді қуып жіберді. Абырой болғанда азаматтың денсаулығына еш зиян келмеген. Дер кезінде келіп құтқарып алған полиция қызметкерлеріне аудан тұрғыны көзіне жас алып, ризашылығын білдірді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі