
Сағат Мадиев: ШҚО мемлекеттік қызметкерлерін қос азаматтыққа тексереді
Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев Аягөз және Күршім аудандарына жұмыс сапары барысында жеке құраммен және ішкі істер ардагерлерімен кездесті.
Облыстың бас полицейі ҚР ІІМ-нің міндеттері туралы айтып, осыған байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, С.Мадиев қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге және жергілікті полиция қызметін реформалауға, соның ішінде учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.
«Министрлік жұмыстың сервистік моделіне көшуді көздейтін 2021-2022 жылдарға арналған тиісті іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Ең алдымен, бұл құқық бұзушылықтардың сапалы алдын алуды ұйымдастыру. Сондықтан аталған жоспарды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді және учаскелік инспекторлар қызметінің мәртебесі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді С.Мадиев.
Сонымен қатар, С. Мадиев 2021 жылдың мамыр айына дейін барлық мемлекеттік қызметшілерді қос азаматтыққа тексеруді тапсырды.
«Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Осыған байланысты, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, арнайы жоспар бекітілді, оны іске асыруды қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті ШҚО ПД бастығы.
Кездесу барысында Сағат Мадиев ішкі істер ардагерлеріне үнемі қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, олардың тәжірибесі баға жетпес екенін атап өтті. Бұрынғы полиция қызметкерлері көп жыл еңбек демалысына шыққанына қарамастан, олар әлі күнге дейін полиция департаментінің қоғамдық өміріне белсене қатысуда. Ардагерлер-жас ұрпаққа үлгі, деп қорытындылады өз сөзін ШҚО ПД бастығы.
ШҚО ПД баспасөз қызметі