
ШҚО тұрғыны масаң күйде көлік тонаған.
Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңында Риддер қ. ПБ-нің кезекші бөліміне 38 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, белгісіз адамдар жүргізуші жағындағы терезені сындыру арқылы оның «ВАЗ» автокөлігіне кіріп аккумуляторды, бел сөмкесін, 2000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат пен флеш-картасын ұрлап кеткенін хабарлаған. Осылайша, жәбірленушіге жалпы соммасы 25000 теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Мүлкінің ұрланғаны туралы хабарлаған ер адам полиция қызметкерлері оған аталған қылмысты жасаған күдіктінің ұсталғанын және қазіргі уақытта полиция бөлімінде екенін хабарлаған кезде қатты таң қалған.
Ары қарай тергеп-тексеру барысында тәртіп сақшылары масаң күйдегі 22 жастағы жігіттің «ВАЗ» автокөлігінің терезесін сындырып мүлкін ұрлап, оқиға орнынан қашып кетуге тырысқанын анықтаған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған заттар қайтарып алынды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
ШҚО ПД баспасөз қызметі