
Өскемен қаласында дәмханаға келген жігіт төбелес барысында адам өлтірген
Согра ауданындағы жергілікті дәмханалардың бірінде болған төбелес барысында дәмханаға келген жігіт танысын пышақпен жарақаттаған.
Өскемен қ.ПБ «102» жедел арнасына облыс орталығындағы ойын-сауық мекемелерінің бірінде ер адамның төбелес барысында өзінің танысына пышақ жарақатын келтіргені туралы хабарлама келіп түскен.
Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, мұқият зерделеген соң, «ізін суытпай» күдіктіні ұстаған. Полиция қызметкерлері екі жігіттің көңіл көтеру үшін дәмханаға бармақ болғанын анықтады, алайда алкогольдік ішімдік ішу кезінде олардың арасында сөзге келіспеушілік туындап, оның соңы төбелеске ұласқан.
Облыс орталығының тұрғыны 32 жастағы күдіктінің бұрын да қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды.
Адам өліміне себеп болған төбелестің барлық мән-жайлары анықталуда. Қазіргі уақытта қаскөй Өскемен қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауда.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ШҚО ПД Баспасөз қызметі