
Мал ұрлығымен айналысқан азамат ұсталды
Белгісіз біреулер еркін жайылымнан екі бас жылқысын ұрлап кеткені туралы Жарма аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне шаруа қожалығының басшысы арызданған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 51 жастағы бұрын сотты болған Жарма ауданының тұрғыны анықталған.
Арнайы іс-шаралар жүргізу барысында ұрланған малдың етін автокөлікке тиеп, Семей қаласына бағыт алған күдіктіні полиция қызметкерлері «ізін суытпай» ұстады.
Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу кезінде ұсталған азаматтың тағы бір мал ұрлығына қатыстылығы анықталды. Бұл жолы ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында көрші шаруа қожалығынан жалпы құны жарты миллионға бағаланған екі бас ірі қара малын қолды қылған.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-1 бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктінің облыс аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
ШҚО ПД баспасөз қызметі