
БОЛАШАҚ — ДҰРЫС ТАҢДАУДАН БАСТАЛАДЫ
ШҚО полицейлері әскери қызметшілермен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Әскери-техникалық мектептің әскери қызметшілерімен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы — болашақ мамандықты таңдау және ішкі істер органдарына қызметке орналасу мүмкіндіктері. Әскери қызметшілерге үміткерлерге қойылатын талаптар, іріктеу тәртібі мен қызметке қабылдау кезеңдері түсіндірілді.
Сонымен қатар әлеуметтік кепілдіктер, кәсіби даму және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Кездесуді ШҚО ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов өткізді. Ол ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктеріне тоқталып, полиция қызметі жоғары жауапкершілікті, тәртіпті және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға дайын болуды талап ететінін атап өтті.
— Біз болашағын ішкі істер органдарындағы қызметпен байланыстыруға ниетті, жас, ынталы әрі білікті мамандарды қызметке қабылдауға дайынбыз, — деді Марат Баяндинов.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, полиция қызметіне орналасу тәртібі туралы қажетті ақпаратпен танысты.
Полиция қызметі — жай ғана мамандық емес. Бұл халыққа және елге қызмет етуге дайын азаматтардың таңдауы.
ШҚО ПД баспасөз қызметі