ШҚО-да полицейлер есірткі сатушысын қылмыс үстінде ұстады

ШҚО-да полицейлер есірткі сатушысын қылмыс үстінде ұстады

ШҚО-да полицейлер есірткі сатушысын қылмыс үстінде ұстады

Шығыс Қазақстан облысының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткінің заңсыз айналым арнасын тоқтатты. Жоспарлы жедел іс-шара нәтижесінде полицейлер есірткі таратумен айналысты деген күдіктіні анықтап, өңір аумағында ірі көлемдегі марихуананың таралуына жол бермеді.

«Қарасора-2026» жедел профилактикалық шарасы аясында полиция қызметкерлеріне есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі туралы ақпарат келіп түскен. Жедел уәкілдердің бақылауымен күдікті сатушымен хат алмасу жүргізіліп, есірткі сатып алу жөнінде келісім жасалды. Тыйым салынған затты беру кезінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Ол Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тұрғылықты жерін тінту және тексеру барысында полицейлер бірнеше ірі көлемдегі есірткі заттарын тапқан. Олар полимер пакеттерге салынып, әрі қарай таратуға дайындалғаны анықталды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 2,8 келіден асты. Сонымен қатар, полицейлермен бір миллион теңгеден астам қолма-қол ақша тәркіленіп, тергеу аясында тексерілуде.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция есірткінің заңсыз айналымы қоғамға үлкен қауіп төндіретінін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі