
Тәуелсіздік туы астында: ШҚО полициясы Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті
4 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің саптық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мемлекеттік Әнұранның әуенімен ту көтеру тобы Қазақстанның Мемлекеттік туын салтанатты түрде көтерді. Полиция қызметкерлері үшін мемлекеттік рәміздер – жай ғана ресми атрибуттар емес, Отанға деген адалдықтың, қызметтік борыш пен халық алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руфат Қажымқанов мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірліктің негізі екенін және құқық қорғау органдарының аса жауапты миссиясын еске салатынын атап өтті.
«Ішкі істер органдарындағы қызмет – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі абыройлы міндет. «Заң және тәртіп» қағидасын ұстану – өз Отаныңа адал қызмет етудің белгісі», — деп баса айтты ол.
Мерекелік атмосфераны Полиция департаменті хорының орындауындағы патриоттық әндер үйлесімді толықтыра түсті, ал іс-шара гарнизонның салтанатты маршымен аяқталды.
Бұл күні көкке көтерілген Мемлекеттік ту – бірліктің, еліміздің тарихына деген құрметтің және полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметімен дәлелдеп жүрген құндылықтардың нышанына айналды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі