
Өскеменде ірі көлемдегі психотроптық заттарды тасымалдаған күдікті ұсталды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері Өскемен қаласындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде интернет-дүкен үшін тыйым салынған заттарды тасымалдаумен айналысқан 51 жастағы ер адамды ұстады.
Автокөлікті және оқиға орнын тінту барысында шамамен екі келіге жуық есірткі заты тәркіленді.
Полиция мәліметінше, күдікті шамамен бір ай бұрын Алматы қаласында TikTok әлеуметтік желісі арқылы интернет-дүкенге тасымалдаушы-курьер ретінде жұмысқа орналасқан. Сәуір айында куратордың нұсқауымен Өскемен қаласына тыйым салынған заттарды жеткізіп отырған.
Мамыр айында ол куратордың тапсырмасы бойынша облыс орталығына қайта келіп, өзімен бірге шамамен екі келі есірткі затын алып жүрген.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті интернет арқылы таралатын «жеңіл табыс» туралы ұсыныстардың көп жағдайда есірткі бизнесіне тартудың бір тәсілі екенін ескертеді. Есірткінің заңсыз айналымына қандай рөлде қатысқанына қарамастан, мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі