
ШҚО облыстық әкімдігінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, Әкімшілік полиция басқармасы, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың, депутаттық корпус пен қоғам өкілдері қатысты.
ШҚО Полиция департаменті атынан баяндамалармен Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Нуриев және Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрлан Жарылғақов сөз сөйледі.
Отырыс барысында балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуы, сондай-ақ студенттер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Жол-көлік жарақаттарын болдырмау мен каникул кезеңіндегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, тұрақты рейдтер жүргізу және мектептер мен ата-аналармен тығыз байланыс орнату қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар қатысушылар суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету шараларын талқылады.
Мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен күш-жігері ғана жас ұрпақты қорғап, оны түрлі қауіп-қатерден сақтауға мүмкіндік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі