
ШҚО полицейлері тергеу қызметінің аңызын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының полицейлері тыл еңбеккері, ішкі істер органдарының ардагері Колпакова Надежда Васильевнаға ерекше құрмет көрсетті. Мерекелік шара аясында ШҚО Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов ардагерді алдағы мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Надежда Васильевна — өңірлік ішкі істер саласының нағыз аңызы. Ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша тергеу қызметінің алғашқы әйел полковнигі дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Қырық жылға жуық қызметі барысында қатардағы қызметкерден бастап, аса маңызды істер жөніндегі тергеушіге дейінгі жауапты жолдан өткен.
Оның «Қоңыраумен емес, заңмен жұмыс істе!» деген қағидалы ұстанымы бүгінгі жас буын қызметкерлері үшін кәсіби этиканың айқын үлгісі болып табылады.
Кездесу кезінде ардагер өткен күннің қызметтік естеліктерімен бөлісіп, жас офицерлерді антқа адал болуға және заң үстемдігін қорғауға шақырды.
Полиция департаментінің өкілдері Надежда Васильевнаға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етіп, оның тергеу қызметінің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін терең алғыстарын білдірді.
Департамент басшылығы атап өткендей, ардагерлерге құрмет көрсету және ұрпақтар сабақтастығын сақтау — ішкі істер органдарының бұлжымас дәстүрі. Надежда Васильевнаның өнегелі өмір жолы мен кәсіби шеберлігі Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде жас мамандарға әрқашан бағдар болып қала бермек.
ШҚО ДП баспасөз қызметі