
ШҚО полиция қызметкері халықаралық бокс турнирінің жеңімпазы атанды
Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында STEPPE BOXING 1 кәсіпқой бокс кеші өтті. Халықаралық додаға әлемнің сегіз елінен 28 спортшы қатысты. Әртүрлі салмақ дәрежесіндегі алты жекпе-жекте көрермендер нағыз тартысқа, жойқын соққылар мен рингтегі шиеленісті сәттерге куә болды.
Турнир қатысушыларының қатарында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың сарбазы, полиция сержанты Нығметолла Молдашев болды. Ол өз жекпе-жегінде Оралдық боксшы Қайсар Нұрымбетовпен кездесіп, жоғары жылдамдық пен соққы дәлдігін көрсетіп, нағыз спорттық мінез таныту арқылы сенімді жеңіске жетті.
Нығметолла Молдашев — бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Оның жетістіктерінің қатарында 2014 және 2016 жылдардағы Қазақстан чемпионатының алтын медальдары, сондай-ақ Сербия, Болгария және Ресейде өткен турнирлердің жүлделі орындары бар.
Ол 2024 жылдың қазан айынан бастап ШҚО ПД ЖҚАЖ құрамында ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Халықаралық турнирдегі бұл жеңіс Шығыс Қазақстан полицейлерінің дайындық деңгейінің жоғары екенін және олардың спорттағы белсенділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі