
Шығыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» кешенді профилактикалық іс-шаралары өткізілуде
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті өңір аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апаттылық деңгейін төмендету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында «Қауіпсіз жол» ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Іс-шара аясында әкімшілік полиция қызметкерлері облыстық прокуратурамен және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылар арасында заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар өңірде «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы кезеңде жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтарға, оның ішінде белгіленген жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу және қауіпті маневрлер жасау фактілеріне бақылау күшейтілді.
Жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аударылуда. Полиция департаменті такси қызметі тек заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін ескертеді. Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер міндетті түрде ресми тіркеуден өтуге, күнделікті медициналық және техникалық тексеруден өтуге, сондай-ақ тек сол жақ рульді көлік құралдарын пайдалануға міндетті. Оң жақ рульді автокөліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынған.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы тәртіп пен жауапкершілік — адам өмірін сақтаудың басты кепілі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі